Пәтер уәде етіп, кейін ақша сұрады — «Елге көмек» қоры бойынша жәбірленуші
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот отырысы өтті.
Сотта жәбірленуші Гүлбахор Түреева сөз сөйледі. Ол отбасында баспана жоқ екенін және өзінің қамқорлығында мүгедектігі бар 5 адам — күйеуі, қызы және үш немересі бар екенін айтты.
— Мен жұмыста жүргенімде олар үйімізге келіп, отбасымызды және өмір сүріп жатқан жағдайымызды видеоға түсіріп, бізге пәтер алып беруге уәде етті. Мен ештеңе қажет емес екенін айттым, бірақ Ілияс бәрібір көмектесемін деп сендірді. Бірнеше күннен кейін кафеге шақырып, бізге үй сатып алғанын айтты. Алайда пәтерді өз көзімізбен көрмедік, тек пәтердің «Көкжиек» ықшам ауданында орналасқанын айтты. Жиналған ақша Сәриев пен Дүйсееваның есепшоттарына түскен, — деді жәбірленуші.
Оның айтуынша, пәтерді олардың атына рәсімдеу үшін айыпталушылар қосымша ақша талап еткен.
— Құжаттарды рәсімдеу үшін менен 200 мың теңге сұрады, кейін жол шығынына, тамағына және басқа да шығындарға бірнеше рет ақша алды. Бұл ақшалардың бәрін өзім бердім, — деді жәбірленуші.
Жалпы Түрееваға 800 мың теңге көлемінде залал келтірілген. Қорғау тарапының айтуынша, Сәриев баспанасыз әйелге жалға пәтер алу үшін 300 мың теңге берген. Алайда ол жерде бұл отбасы тек бір апта ғана тұрған. Себебі пәтер иесі мүгедектігі бар балалардың мазасыз мінез-құлқын айтып, шығарып жіберген.
Жәбірленуші сөзінен кейін судья Ернар Қасымбеков үзіліс жариялап, сот отырысын 2025 жылдың 4 қыркүйегіне дейін шегерді.
Іс бойынша 26 адам жәбірленушілер ретінде танылды, оның ішінде 12 адамның мүддесін адвокаттар қорғап отыр.
— Әріптесіммен бірге 12 жәбірленушінің мүддесін қорғап отырмыз. Қылмыстық іс сотталушыларға қатысты жүргізіліп жатыр. Олар алдау және сенімді теріс пиғылда пайдалану арқылы жәбірленушілердің ақшалай қаражатын иемденген. Әлеуметтік желілер арқылы адамдарды Меккеге қажылыққа апарамыз деп алдап, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға пәтер алып береміз деп ақша жинаған, — деді адвокат Асылбек Абдрайымов сот отырысынан кейін агенттікке берген сұхбатында.
Жәбірленуші тараптың қорғаушылары келтірілген залал сомасы 25 млн теңге болғанын атап өтті.
Бұған дейін сотта мемлекеттік айыптаушы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін оқыды.
Ал Ілияс Сәриев сотта кінәсін ішінара мойындады.
Еске салайық, сәуір айында «Елге көмек» қайырымдылық қорының басшысы Ілияс Сариев алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, ұсталғанын жазғанбыз. Ол өзін бірнеше рет «қазақтың Робин Гуды» деп атаған және әлеуметтік желідегі парақшаларында музыкант, концерт пен той ұйымдастырушы екені көрсетілген.