Ведомство өкілінің айтуынша, арендалық баспана кезегін күтіп жүрген табысы жоқ немесе табысы төмен азаматтардың төрт санатына мемлекет жеке тұрғын үй қорынан жалға алған пәтер ақысының бір бөлігін өтейді.
— Субсидия жетім балаларға, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасыларға, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға беріледі. Оны алу үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс соңғы алты айда айына 50 851 теңгеден аспауға тиіс. Зейнетақы мен жәрдемақы табыс ретінде есепке алынбайды, — деді спикер.
Оның мәліметінше, қазір мұндай көмекті 11 200 отбасы алып отыр.
Сондай-ақ, бағдарлама бойынша жақын туыстарынан баспана жалдауға болмайды. Оған қоса, субсидия алып отырған азамат жалға алған пәтерінде өзі тұруы керек.
— Әкімдіктер мұндай пәтерлерді тұрақты тексеріп отырады. Егер тексеру кезінде азаматтың жалға алған пәтерінде тұрмайтыны немесе отбасы мүшесінен баспана жалдап отырғаны анықталса, субсидия төлеу тоқтатылады. Мұндай жағдайда төлемді қайта қалпына келтіру мүмкіндігі қарастырылмаған, — деді Бақытжан Жүнісбеков.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға 2 және 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека берілетіні жөнінде жаздық. Биыл осы бағытта 12,6 мың қарыз беру жоспарланған. Оған 175,1 миллиард теңге қарастырылған.