«Пәтер» жедел-сауықтыру шарасы барысында 274 пәтер ұрлығы анықталып, олардың 244-і ізі суымай ашылды

АСТАНА. Мамырдың 19-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Пәтер» жедел-сауықтыру шарасы барысында 274 пәтер ұрлығы анықталып, олардың 244-і ізі суымай ашылды. Сондай-ақ осы қылмыстарға қатысты 421 күдікті қолға түсіп, сырттан келген 5 ұры ұсталды. Бұған қоса тағы 277 пәтер ұрлығын жасаған 17 қылмыстық топ мүшелері қолға түсті.

Ағымдағы жылдың 12-сі мен 16-сы аралығында жүргізілген «Пәтер» операциясының нәтижелері осындай болып отыр.

Ішкі істер министрлігі таратқан деректерге қарағанда, мамырдың 12-сі күні Атырауда 17 пәтердің құлпын бұзып тонап кеткен Қызылорда қаласының 3 азаматы уақытша ұстау орынына жабылды. Ал мамырдың 13-і күні Петропавл қаласында Т. есімді азаматтың 3 пәтерді тонағаны дәлелденді. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облыстық тәртіп сақшылары 40 жасар азаматты ұстап, ол бұлтартпас дәлелдердің нәтижесінде Орал қаласы тұрғынының үйін тонап, ол жерден 500 мың теңгенің дүние-мүлкін алып кеткендігін мойындаған.