Пәтерлерді арзанға алып беремін: павлодарлық қыз адамдарды 9 млн теңгеге алдаған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда 21 жастағы қыз алаяқтық жасағаны үшін үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол иесіз пәтерлерді арзан бағамен сатып алуға болады деп адамдарды алдаған.

Фото: Polisia.kz

Тергеу материалдарына сүйенсек, павлодарлық қыз туыстарына өзінің әкімдікте жұмыс істейтінін және арзан бағаға пәтер сатып алуға көмектесе алатынын айтқан. Тұрғын үйлер иесіз, оларды бөліп төлеу арқылы сатып алуға мүмкіндік бар деп алдаған. Ол үшін тек бастапқы жарнаны төлеу қажет болған.

Жәбірленушілер оның ұсынысына келісіп, қыздың есепшотына ақша аудара бастайды. Келтірілген шығын көлемі – 200 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін. Алайда кейін олардың ешқайсысы уәде етілген пәтерлерді ала алмаған.

Бұған қоса қыз пәтер жалдап, оны өзі сатуға уәде берген баспана ретінде кейбір жәбірленушілерге көрсеткен.

Мемлекеттік айыптаушы келтірілген жалпы шығын көлемі 9 млн теңгеге жуық екенін мәлімдеді. Қылмыстық іс алаяқтық дерегі бойынша қаралды. Сот іс материалдарын саралай келе, сотталушының кінәсі дәлелденді деген қорытындыға келді.

- Айыпталушы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу арқылы 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, - деді Павлодар қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Әнуарбек Оспанов үкімді жариялау кезінде.

Сонымен қатар сот жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған рақымшылық туралы заңды қолданып, жазаны 3 жылға дейін қысқартты.

Сондай-ақ 21 жастағы қызға жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның 6 млн теңгеге жуық бөлігін өтеу міндеттелді.

Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ.

Еске сала кетейік, Павлодарда асхана кассирі 7 млн теңгеден астам соманы заңсыз иемденген.