Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 61 жастағы тұрғынды өлтіру дерегі бойынша қазір 4 күдікті ұсталған. Қылмыстық істі тергеу үшін ІІМ-нің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы тергеу-жедел тобы құрылған.
— Тергеу барысында қылмыстың мән-жайы, күдіктілердің жеке басы және олардың марқұмның пәтерін заңсыз иемденуге қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Төрт күдіктінің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады полициядан.
Тергеу барысы Ішкі істер министрінің жеке бақылауында екені атап өтілді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда таңғы сағат 4:34–те ер адамның басына пакет кигізіп, ес-түссіз күйде көтеріп әкеткен видеосы тарады. Желідегілер мұны «заңсыз риэлторлардың» әрекеті деп күдіктенеді.
Кейін Алматы полициясы үш күдіктінің қамауға алынғанын растады.