Патрисия Каас: Халық менің атымды саясатпен емес, қайырымдылықпен байланыстырғанын қалар едім

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Танымал француз әншісі Патрисия Каас әлемдік турне аясында Астанада 121-концертін өткізуде. Патрисия Каас елордалық көрермен назарына әйгілі француз орындаушысын еске алуға арналған «Каас поет Пиаф» атты думанын ұсынады.

Бүгін әйгілі артіс журналистерге сұхбат беріп, өзінің әлемдік мәдени саяхаты және өзі туралы біраз сырды бүкпесіз ақтарып салды.

Каас өзінің шығармашылық ғұмырында мыңдаған концерт өткізді, оның дискілері дүниенің әртарапында 18 миллион данамен сатылған. Француздар оны өз елінің ресми емес мәдениет елшісі деп атайды. Себебі П.Каас әйгілі Эдит Пиафтан кейін француз әнін бүкіл әлемге танытқан екінші күміс көмей әнші болып табылады. Бірақ Патрисия Каас өзін жұлдыз деп атаудан аулақ.

«Сұрағанының барлығын әкеп бергізетін әншілер бар. Гастрольге шақырған кезде, менде де талаптар болады. Бірақ бұны еркелік немесе наздан туған талаптар деп айта алмаймын. Жоқ, мен жұлдыз емеспін. Мен тек концерттің ойдағыдай өтуіне қажет нәрселерді сұратамын», - дейді Патрисия.

Әртістің бұл сөзін Астана қаласы Мәдениет басқармасының төрағасы Болат Мажағұлов та қуаттады. Әнші Францияның Қазақстандағы жылы аясында шақырылған. Оның сөзіне қарағанда, Каастың сұратқан талаптары өте қарапайым.

«Әлемдік деңгейдегі әнші үшін, оның райдері шынымен де қарапайым. Оның негізгі талабы - дыбыс пен жарықтың жоғары деңгейде болуы ғана. Ол өзін емес, айналасындағы команда мүшелерін көп ойлағаны таң қалдырды. Олар үлкен қиындықтар көрмеу үшін барлық жағдайларды жасауға тырысты», - дейді Б.Мажағұлов.

Француз әншісін саясатқа қалай қарайтынын сұрағанда, ол бұл салаға әуес еместігін және саясатқа бас сұқпағанын қалайтынын айтты.

«Ең бірінші кезекте мен әртіспін және саясатқа араласқым келмейді. Мен өзім біле қоймайтын салаға бас сұқпауды құп көремін. Менің атымды қайырымдылықпен байланыстырғанын қалар едім», - деп атап өтті әнші.

Патрисия Каастың бұл Қазақстанға екінші сапары. Біріншісі 15 жыл бұрын болған. 2013 жылы әнші 150-ден астам концерт қоймақ.

Бағдарламаға тыңдармандар сүйіп тыңдайтын Padam-Padam, Je T'ai Dans La Peau әндері, сонымен қатар, орыс тіліндегі «Ты не позвонишь», «Мне нравится, что Вы больны не мной» және тағы басқа композициялар енген», - делінген хабарламада.

Патрисия Каас - француз әншісі және актриса, әлемдік эстрада жұлдызы, «World Music Awards» наградасының иегері, Францияның үздік дауысы.

Еске салайық, концерт Францияның Қазақстандағы жылы аясында 30 қарашада сағат 18.00 «Қазақстан» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.