Патрульдік және жол полициясы қызметкерлерінің бірлескен жұмысы 1 қарашадан басталмақ - ҚР ІІМ

None
АСТАНА. 27 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінде министрдің орынбасары Ерлан Тұргымбаевтың төрағалық етуімен Астана, Алматы қалаларының және облыстардың ІІД бастықтарының орынбасарларының, Әкімшілік және Жол полициясы басқармалары басшыларының қатысуымен жедел кеңес өткізілді, онда қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігі бойынша мәселелер қарастырылды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметінен.

Көрсетілген кеңесте Әкімшілік және Жол полициясы бөліністерін біріктіру мәселесі де қарастырылды.

Кеңесте қазіргі уақытта министрлікте Әкімшілік және Жол полициясы комитеттерін қайта құру толықтай өткізілгені атап көрсетілді.

Жергілікті жерлерде жол-патрульдік полициясы қызметін ұйымдастыру үшін патрульдік полицияның да, жол полициясының да қызметін регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ қызметкерге қойылатын біліктілік талаптарға түзетулер енгізілді.

Үлгі құрылым мен үлгі штаттар, сондай-ақ тиісті жадынамалар әзірленді, олар қызметтік жұмыста қолдану үшін аумақтық ІІО-ға жолданды.

Сонымен қатар, кеуде белгісінің, жеңдегі шевронның жаңа үлгі дизайндары және патрульдік автомобильдердің ақпараттық жазулары әзірленіп, бекітілді, жаңа нысандық киім-кешекті әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

ІІД басшыларына патрульдік және жол полициясы қызметкерлерінің бірлескен тағылымдамасы практикасын жалғастыру, тиісті санаттағы жүргізуші куәліктері жоқ патрульдік полицияның жеке құрамын оқытуды аяқтау, бос орындарды жасақтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен патрульдік автомашиналарды бейне- тіркегіштермен жабдықтау туралы мәселені пысықтау тапсырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша министрлік ағымдағы жылғы 1 қарашадан бастап бірлескен бөліністердің жұмысын бастауға шешім қабылдады.