Бұл аукционға шығарылған патша отбасы хаттарының ең мол жинағы болатын. Император Александр ІІІ-ші мен патшайым Мария Федоровнаның балалары, орыстың соңғы патшасы Николай ІІ-нің аға-апалары, ұлы кінәздер және кінәз-ханымдар Георгий, Михаил, Ксения және Ольга революцияға дейін де және одан кейін де 1887 жылдан 1944 жылға дейін өздерінің швейцарлық мұғалімі, тәлімгері және кеңесшісі Фердинанд Тормейермен (1858-1944) хат жазысып тұрған. Ол Женева түбіндегі Каружа қаласында тұрды.
Женеваның Аукцион үйінің директоры Бернар Пигенің айтуынша, сату қорытындысы ойлағандағыдан асып түсті. «Біз сатылым нәтижесіне разымыз. Романовтар рухына, бұл отбасының тағдырына бей-жай қарамайтындар әлі де болса бар екен», - деді Пиге. Ал Романовтар отбасының ұрпақтары аукционға қатысқан жоқ.