Патшайым Елизавета ІІ өз мерейтойында садақа таратады

None
АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 сәуірде 85 жылдығын тойлайтын Ұлыбритания Патшайымы Елизавета ІІ ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша Вестминстер аббаттығында садақа тарату рәсіміне қатысады, деп хабарлайды Utro.ru сайты.

Бұл күні монарх қалыптасқан дәстүр бойынша собор жұртшылығының қатарынан іріктелген зейнеткерлерге құдайы садақа үлестіреді. Бірақ биыл зейнеткерлердің қатары Еуропа приходтарынан және Мэн аралығынан арнайы шақырылған қариялармен толығады - барлығы 85 ер азамат пен 85 әйел шақырылып отыр және олардың бәрінің жастары Патшайыммен шамалас.

Олардың әрқайсысы монархтың қолынан қызыл және ақ түсті
екі кішкене қапшық алады. Қызыл қапшықта Патшайымның жұбайы герцог Эдинбургскийдің биыл маусым айында атап өтілетін 90 жылдық мерейтойына орай шығарылған 5 фунт стерлинг шақа мен 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының құрметіне шығарылған 5 пенстік «олимпиадалық» шақа салынса, ақ қапшыққа монархтың жасына тең сома - 85 пенсті құрайтын тиын-тебен салынады.