Павел Дуров артында қалатын мұрасын 100-ден астам баласына тең бөліп бермекші
АСТАНА. KAZINFORM — 40 жастағы Павел Дуров өзінен кейін алты ресми баласы мен донорлық ұрық арқылы дүниеге келген қалған балалары мұра үшін бір-бірімен жауласқанын қаламайды. Сол үшін байлығын тең бөлетінін мәлімдеді, деп жазды Euronews.
Telegram мессенджерінің негізін қалаушы әрі жалғыз иесі саналатын ресейлік технологиялық кәсіпкер Павел Дуров өзінің миллиардтаған долларлық байлығын 100-ден астам баласының арасында тең бөліп беруді жоспарлап отырғанын айтты. Бұл туралы ол француздың Le Point журналына берген сұхбатында баяндаған.
– Мен қайтыс болғаннан кейін олар бір-бірімен қырық пышақ болып қырлыспасын деймін, – деді Дуров.
Оның айтуынша, донорлық ұрық арқылы 12 елде 100-ден астам бала дүниеге келген, ал тағы алтауы – үш түрлі әйелден туған ресми мойындалған балалар.
Дуровтың айтуынша, ешбір баласы 30 жыл бойы мұра ала алмайды. Ол мұны балалардың өз өмірін өзі құрып, тәуелсіз тұлға болып қалыптасуы үшін жасап отырғанын жеткізді.
– Мен олардың қарапайым адамдар секілді өмір сүргенін, өз жолын өзі тапқанын, сенімді болуын және шығармашылықпен айналысқанын қалаймын. Олар банктегі есепшотқа қарап өмір сүрмеуі тиіс, – деді ол.
Миллиардер жуырда өз өсиетін жазып бітіргенін де айтты. Бұл қадамға не себепті барғанын түсіндіріп:
– Бостандықты қорғау – өзіңе жау табудың ең жылдам жолы. Оның ішінде күшті мемлекеттерде», – деді Дуров.
Қазір Дубайда тұратын 40 жастағы миллиардер өткен жылы Францияда ұсталған. Оған Telegram платформасында қылмыспен күресте жеткілікті шара қолданбады деген айып тағылған. Дуров бұл айыптауларды бірнеше рет жоққа шығарып, оларды «абсурд» деп атады.
– Қылмыскерлер біздің мессенджерді басқалармен қатар қолданғаны үшін бізді де қылмыскер деуге болмайды, – деп мәлімдеді ол.
Еске сала кетсек, Дуров негізін қалаған Telegram қосымшасын 2013 жылы іске қосқан. Бүгінде оның ай сайынғы белсенді пайдаланушылары 1 миллиардтан асады.
Жақында Франция билігі Павел Дуровтың елден шығу шектеулерін жеңілдетті.