Павел Дуров Астанада стартапшылар байқауында қазылық етті

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Еуразиядағы ірі стартап байқауы — Astana Hub Battle 2025 финалы басталды. Әділ қазы алқасында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров және басқа да сарапшылар бар.

Биыл форумда Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа елдерден келген 80 стартап өздерінің инновациялық жобаларын таныстырды. Әр стартапқа өз жобасын таныстыру үшін бір минут уақыт берілген, осы уақытта олар жобаларының ерекшелігін, мүмкіндіктерін және масштабтауға дайын екендігін көрсетуге тиіс.

Фото: Видеодан скрин

Нәтижесінде 14 стартап таңдалып, форумның басты алаңында басты жүлде қоры — 125 000 АҚШ долларын ұтып алу үшін жарысқа түсіп отыр.

Финалистер арасында автотұрақтар мен инфрақұрылымды оңтайландыратын, білім саласында емтиханның әділ өтуін қадағалайтын, сондай-ақ, шағын және орта бизнес тәулік бойы жұмыс істейтін, инсульттен кейінгі оңалту үшін қолдың қозғалыстарын веб-камера арқылы бақылап, терапевтикалық ойындар негізінде жұмыс істейтін жаңа стаптаптар бар.

Фото: Видеодан скрин

Сондай-ақ, спорт пен реабилитация үшін жасанды интеллект пен өз энергия көздері негізінде жұмыс істейтін киілетін сенсорлар, құрылыс және инженерия саласындағы процестерді автоматтандыратын ЖИ-агенттер, оқушылардың кәсіби бағдарлануын және психологиялық қолдауын қамтамасыз ететін жаңа бастамалар таныстырылып жатыр.

Фото: Видеодан скрин

Еске сала кетейік, Digital Bridge Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық форум. Биылғы форумның басты тақырыбы — Generative Nation. Бұл ұғым Қазақстанның технологиялар мен адам капиталының дамуына негізделген білім қоғамын құрудағы негізгі бағытын көрсетеді.

Бұдан бұрын Павел Дуров Alem.ai ғимаратында жасанды интеллект саласындағы арнайы зертханасын ашты.

ЭКСПО көрмесіне салынған «Нұр әлем» павильонының орнында ALEM.AI алғашқы ЖИ орталығы ашылды. Онда Telegram, Presight, Яндекс компанияларының ЖИ бойынша зертханалары мен өкілдіктері ашылмақ.

Сонымен бірге, Қазақстанда ЖИ-терапевт пен фельдшерді қорғайтын видеожетон жасалды.