Павел Дуров: Telegram-ды тұрақты қолданушылардың саны 1 миллиардтан асты
АСТАНА. KAZINFORM - Telegram-ның ай сайынғы аудиториясы 1 миллиард белсенді қолданушыдан асты. Бұл туралы мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров мәлімдеді.
Оның айтуынша, Telegram әлемдегі ең танымал хабар алмасу қосымшаларының арасында екінші орынға көтерілді (қытайлық WeChat-тан кейін).
Telegram-ның алдында WhatsApp желісі тұр, Дуров оны өз мессенджерінің «арзан» және «таяз» еліктеушісі деп атаған.
- Олар жылдар бойы бізді баяулату үшін лобби және PR науқандарына миллиардтаған ақша жұмсады және біздің жаңалықтарымызды көшіруге тырысты. Олар сәтсіздікке ұшырады. Telegram өсті, табысты болды және біздің бәсекелесімізден айырмашылығы, өзінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Біз енді ғана бастап жатырмыз, - деп жазды Дуров.
Дуров сонымен қатар пайдаланушылар белсенділігі артып келе жатқанын хабарлады. Ол әр қолданушы Telegram-ды күніне орта есеппен 21 рет ашып, оған күніне 41 минут жұмсайтынын атап өтті. Дуровтың айтуынша, 2024 жылы табыс 547 миллион доллар болды.
2024 жылдың сәуірінде Дуров америкалық журналист Такер Карлсонға берген сұхбатында Telegram-ды пайдаланушылар бір жылдың ішінде миллиардқа жететінін айтқан еді. Ол сондай-ақ желтоқсанда Telegram-ның бір жылдағы жалпы табысы 1 миллиард доллардан асқанын жазған. Оның айтуынша, 2022 жылы пайда болған Telegram Premium ақылы қызметіне жазылушылардың саны 12 миллионнан асты.
Еске сала кетейік, Павел Дуров Франциядан Дубайға оралғанын айтты.