Павел Дуров Telegram Франциядағы наразылық құралына айналғанын мақтан тұтатынын айтты

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Telegram арнасының негізін қалаушы Павел Дуров өз өнімі «Макронның сәтсіз саясатына қарсы құралға» айналғаны үшін мақтанатынын айтты, деп жазды Анадолы агенттігі.

— Сегіз жыл ұмыт болған халық бос пиар-кампаниялар мен көзбояушылықтан шаршады — енді олар жауап беріп жатыр, — деп жазды Павел Дуров америкалық X компаниясының әлеуметтік желісінде.

2024 жылдың 24 тамызында Дуров Париждегі Ле-Бурже әуежайында бірнеше айып бойынша, соның ішінде қылмыстық топ құрамында заңсыз қаржылық операциялар жасау мақсатында онлайн платформаны басқаруға қатысы бар деген күдікпен ұсталды.

Артынша Telegram Павел Дуровтың ұсталуына байланысты мәлімдеме жасаған еді. Онда «Telegram Еуропа Одағының заңдарын, соның ішінде Цифрлық қызметтер туралы заңды қатаң сақтайды — оның модерациясы салалық стандарттарға сәйкес келеді және үнемі жетілдіріліп отырады. Telegram басшысы Павел Дуровтың елден жасыратын ештеңесі жоқ және ол Еуропада жиі саяхаттайды. Платформаны теріс мақсатта пайдаланғандар үшін осы желі немесе оның иесі жауапты деу — абсурд», — деп жазған еді.

Осы тұста Павел Дуровқа 12 түрлі айып тағылғаны белгілі болды.

Ал Павел Дуров болса өзінің тұтқындалуы туралы «Бұл Франция полициясының қателігі» деген уәжін айтқан еді.