Ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары мен Павлодар облысының әкімі бастап келген делегация Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2, қазандық шығаратын «Энергоспецстрой» ЖШС, қызанақ өндіретін «Greenhouse KZ» ЖШС-нде болды. Павлодарда Алик Айдарбаев «Нефтехим LTD» ЖШС мен арнайы экономикалық аумақты аралады.
Бұл жерде «Каустик» АҚ-да екінші кезекте қуаттылығы 40 мың тонна өнімді құрайтын құрылысты іске қосу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Нәтижесінде жоба ел нарығын жүз пайыз каустик содасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ал, «АгроХимПрогресс» ЖШС глифосат шығаруды көздеп отыр. Осыған ұқсас жобалар Жабыл облысында да жүзеге асыру ойда болған, дегенмен олардың құны павлодарлық кәсіпкерлер ұсынған жобадан анағұрлым жоғары. Мәселен, жаңа химиялық зауыттың құрылысы 150-200 миллион долларға шықса, «Каустик» АҚ-ның екінші кезеңін іске қосу 30 миллион доллар тұрады. Глифосат туралы айтатын болсақ, аталмыш гербицидті өндіретін кәсіпорынды нөлден бастап салу еліміздің оңтүстік өңірінде 150 миллион долларға бағаланған.
Ал, «АгроХимПрогресс» ЖШС-ндегі инфрақұрылымның бар екенін ескерсек, бұл өндірісті 20 миллион долларға жүзеге асыруға болады. Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы Болат Бақауов арнайы экономикалық аумақта химия мен мұнай химия ғана емес, алюминий кластерін де дамыту жоспарланып отырғанын айтты. - 2025 жылы АЭА-да инвестиция көлемі 150 миллиард теңгені және бастапқы алюминий тұтыну 150 мың тоннаны құрайтын 20 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр, - деді облыс әкімі.
«Биылғы жылы поляктардың «Группа Кети» компаниясы алюминий профильдерін шығаратын жобалардың жұмысын бастайды. Инвестиция көлемі 28 миллиард теңгені, бастапқы алюминийді өңдіру 60 мың тоннаны құрайды. Бұдан басқа, өңір басшысы бүгінгі таңда «Павлодар» арнайы экономикалық аумағы Қазақстан бойынша 1 бюджеттік теңгеге 14 теңге инвестиция тартатын ең сәтті жобалардың бірі екенін жеткізді. Бұл ретте АЭА-да 17% инженерлік коммуникация тартылған, сондықтан Болат Бақауов «Самұрық-Қазына» қорының өкілдерінен инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға ықпал етуді сұрады.