«Павлодар» ӘКК»-да «Ашық есіктер күні» акциясы басталды

ПАВЛОДАР. 22 тамыз. ҚазАқпарат - «Павлодар» әлеументтік-кәсіпкерлік корпорациясында «Ашық есіктер күні» акциясы басталды.

Кеше оның бөлімшесі - «Павлодар» қаржылық орталығында» «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алғысы келетін жаңадан бастап келе жатқан және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге кеңес берілді.

Бір күнде мұнда бизнесті дамытуға қарыз алу мүмкіндігі, кепіл туралы ақпарат, пайыздық мөлшерлемелердің көлемі қызықтырған 30 адам болды.

«Бизнесімді кеңейткім келеді. «КамАЗым» бар, тасымалдаулармен айналысамын. Тіркеме және пісіру аппаратын, қосымша шығын материалдарын сатып аламын. Маған жаңа бағдарлама бойынша қалай несие алуға болатынын айтты», - деп бөлісті Май ауданының тұрғыны Нұрлан Суженов.

Шарбақты ауданының жеке кәсіпкері Нана Гвишиани жеңілдік несиесін алмақшы. «Бізде жұмыс істеп тұрған отбасылық бизнесіміз бар. Оны кеңейтіп, ұннан пісірілетін және жартылай фабрикаттар өндірісін ашпақшымыз. Жабдықтар мен шикізаттарды сатып алу үшін үш миллион теңге қажет. Мені қызықтыратын сұрақтарға тиянақты түсінік берілгеніне өте ризамын», - деді ол.

«Павлодар» ӘКК-да ауыл тұрғындарын жеке бизнесті ұйымдастырудағы мемлекеттік қолдау туралы ақпараттандыратын «Ашық есіктер күнінің» сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың ұйымдастырушы-операторларының қатысуымен облыстың аудандарында да өтетіндігін атап өтті.