«Павлодар» арнайы экономикалық аймағының дамуына жергілікті ғалымдар да үлес қоспақ
09:12, 18 Наурыз 2013
ПАВЛОДАР. 18 наурыз. ҚазАқпарат - С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми-техникалық кеңесі «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының инновациялық жобаларын ғылыми қолдау мәселелерін қарастырды, деп хабарланды ЖОО-ның баспасөз қызметінен.
ПМУ-дің профессорлары Александр Кислов пен Төлеуғазы Тоқтағановтың және доцент Римма Несмеянованың басымдықты ғылыми бағыттар бойынша жобалары мен зерттеулері қаралды.
Ғалымдар тауарлардың өндірісіне шетелдік инвестициялар мен қолданбалы технологияларды тарту мәселелерін талқылады. Талқылауға «Павлодар» АЭА инвестициялық жобалар департаментінің директоры Биеке Болатов пен «Павлодар» АЭА Басқарушы компаниясы» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі Борис Шаров қатысты.
Бүгінде бұрынғы химия зауытының аумағындағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының құрамына 43 компания кіруге ниетті. Мұнда мұнай коксы, күкірт қышқылы, алкидті қарамай және басқа да химия өнімдерінің өндірісі жоспарлануда.