Павлодар-Астана автобанында жол-көлік апатынан бес адам көз жұмды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар – Қызылорда тас жолында жүк көлігі мен жеңіл көлік соқтығысқан. Апат салдарынан оқиға орнында 4 жолаушы мен жүргізушінің мерт болғаны анықталды.
Өңірлік полиция департаменті хабарлағандай, қайғылы жол-көлік оқиғасы Байет ауылынан 5 шақырым жерде тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл көліктің жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтамаған.
— Toyota Lucida автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, қашықтықты сақтамай, «Sitrak» жүк көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Toyota автокөлігі өртенген, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.
Оқиға салдарынан жеңіл көліктің жүргізушісі мен төрт жолаушы қаза тапқан. Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақсу қаласының маңында екі адам көлікпен өзенге құлап, опат болды.