Павлодар - Астана бағытындағы ақылы автобан қатты ыстықтан бүлінді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазіргі уақытта төрт жолақты, ақылы автожолдың Павлодар – Астана бағытындағы 118-ші километрінде жылдамдықты шектеу режимі енгізілді. «ҚазАвтоЖол» мамандары бүлінген учаскені бұзу, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгін кешкілік Павлодардан елордаға апаратын автобанда бетон қабатының ыстыққа шыдамай көтеріліп кетуі жағдайы тіркелді. 118-ші шақырымдағы оқиғаға куә болған жолаушылардың сөзінше, бір жеңіл автокөлік зиян шеккен.
«ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко жол қабатының бұзылуы қатты ыстықтың салдарынан пайда болғанын хабарлады.
— «Астана-Павлодар» ақылы автожолының Астана бағытындағы 118-ші километрінде сағат 18.30-да цемент-бетонды қабаттың жоғары көтеріліп кетуі тіркеліп отыр. Бұл қатты ыстықтың салдары. Бетонды жол бөлініп-бөлініп құйылып, араларында деформациялық тігіс қалдырылады. Бұл технология ауа райы өзгергенде бетонның бұзылмауы үшін қолданылады әрі жолға түсетін жүктемені азайтады. Қазіргі уақытта оқиға орнында ескерту белгілері қойылып, жылдамдықты шектеу режимі енгізілді. Тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. Кәсіпорынның жол-құрылыс техникасы жіберіліп, қазір мамандарымыз ол жердің цемент-бетон қабатын толықтай бұзады. Содан соң орнын толтырып, уақытша асфальттайды. Кейін ол жер қайтадан бетондалуы керек, — дейді Алексей Логвиненко.
«ҚазАвтоЖол» өкілдері аталған бағытта жол жүретін автокөлік жүргізушілеріне сақ болуды ескертіп отыр. Жылдамдық режимін сақтап, барынша абайлаған абзал. Жолды қалпына келтіру жұмыстары түн ортасына дейін созылуы ықтимал.
Еске сала кетейік, биыл жолдарды жөндеуге 781 миллиард теңге қарастырылған.