Павлодар-Астана жолындағы көлік апаты: балалардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Мерседес» маркалы шағын автобустың қатысуымен болған жол апатынан жеті бала зардап шегіп, Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілген. Олардың біреуі — жансақтау бөлімінде.
Дәрігерлер Павлодар-Астана жолында көлік апатына түскен балалардың жағдайы туралы айтты.
— «Астана-Ерейментау-Шідерті» автожолының 154-ші шақырымында болған жол-көлік апатынан 1990 жылы туған ер азамат қаза болды. Кәмелет жасына толмаған жеті жасөспірім ауруханаға жатқызылды. Олардың біреу жансақтау бөлімінде. Баланы облыстық нейрохирург қарап шығып, симптоматикалық ем тағайындалды. Өзге алты бала жеңіл және орташа ауырлықта жарақат алған, барлығы хирургиялық бөлімшеге жатқызылды. Жарақаттан аман қалған тоғыз бала аурухананың стационарына орналастырылды, — деп мәлімдеді Ерейментау аудандық ауруханасынан.
Дәрігерлер қазіргі уақытта стационарда төрт бала қалғанын, олар өз ата-аналарын күтіп отырғанын жеткізді.
— Барлық медициналық және ұйымдастыру іс-шарасы қабылданды. Ауруханада ем қабылдап жатқан балалардың жағдайлары тұрақты. Жағдай Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында, — деп хабарлады ауруханадан.
Ал Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі өңірлік дене шынықтыру және спорт басқармасы мен құқық қорғау органдарының өкілдері оқиға орнына барғанын хабарлады.
— Балаларды алып келу үшін көлік ұйымдастырылған. Бірақ ата-аналар балаларын өздері алып кетіп жатыр, — деп мәлімдеді облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды.