Павлодар-Астана жолындағы көлік апаты: Футбол федерациясы бапкердің отбасына көңіл айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров балалар футболының бапкері Әлібек Жүсіповтің жол апатына түсіп, мезгілсіз қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
— Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров балалар футболының бапкері Әлібек Жүсіповтің жол апатына түсіп, мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып, марқұмның отбасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, — делінген хабарламада.
Қазақстан футбол федерациясы тарапынан көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
— Қазақстан футбол федерациясы тарапынан жан-жақты көмек көрсетіледі. Әлібек Жүсіпов балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға зор үлес қосты. Ол бапкерлік қызметінде талай жас футболшының жолын ашып, отандық футболға адал еңбек етті. Жақсы адам, білікті маман ретінде есімізде мәңгі сақталады. Марқұмның жаны жәннатта, жатқан жері жайлы болсын, — делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды. Қаза тапқан ер азамат 1990 жылы туған. Автобусты патрульдік көлік сүйемелдемегені белгілі болды.
Кейінірек жол апатынан жеті бала зардап шегіп, Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілгенін, олардың біреуі жансақтау бөлімшесінде жатқанын жазған болатынбыз. Ақмола облысы Ерейментау аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан баланы Павлодарға санавиациямен тасымалдау көзделіп отыр.