Павлодар-Астана жолындағы көлік апаты: жансақтау бөліміндегі баланы санавиациямен жеткізеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақмола облысы Ерейментау аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатқан баланы Павлодарға әуе кемесімен тасымалдау көзделіп отыр.
Астанаға апарар жолдағы көлік апатынан зардап шеккен балалардың барлығын ауруханадан ата-аналары алып кеткен. Тек жансақтау бөлімшесіндегі жасөспірім ғана қалып отыр.
— Ерейментау аудандық ауруханасына жатқызылып, дәрігерлердің қарауына алынған балалардың барлығы ата-аналарымен үйлеріне жіберілді. Үш жасөспірімді ата-ананың бірі сенімхат бойынша алып кетті. Аурухананың жансақтау бөлімшесінде зардап шеккен бала ғана қалды. Павлодар облысының санитарлық авиациясы баланы жақын арада алып кетеді деп күтіліп отыр, — деп хабарлады Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды. Қаза тапқан ер азамат 1990 жылы туған. Автобусты патрульдік көлік сүйемелдемегені белгілі болды.
Кейінірек жол апатынан жеті бала зардап шегіп, Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілгенін, олардың біреуі жансақтау бөлімшесінде жатқанын жазған болатынбыз.