Іс материалдарына сәйкес, Павлодар ауданындағы ауылдардың бірінде түнгі уақытта көршілерге тыныштық бермей, мас күйінде сес көрсеткен ер азаматтың үстінен шағым түскен. Сол жерге дереу жеткен учаскелік инспектор отағасымен сөйлесіп, оны полиция бекетіне алып бармақшы болған.
«Ч. есімді азамат көліктің алдынғы орындығына отырды. Жолда келе жатқанда полиция қызметкерінің талабына бағынбай, балағат сөздер айта бастады. Осыдан кейін учаскелік инспекторды жұдырықпен бір ұрды. Онымен қоймай, қалтасынан асүй пышағын алып шығып, сұғып алғысы келді. Өлтіремін деп қорқытты. Содан екеуі далаға шығып, күресіп кетті. Ч. инспектордың қызметтік формасын жыртып тастады. Ал полиция қызметкері самбо тәсілдерін қолданып, көмек келгенше басбұзарды жерге тырп еткізбей, жатқызып ұстады», - делінген соттың ресми хабарламасында.
Сот қаулысына сәйкес, Ч. есімді азамат Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Бұдан бөлек, ол түзеу мекемесінде маскүнемдіктен емделетін болды.