Павлодар әуежайы бюджеттің 142 млн теңгесін негізсіз жұмсауға талпынған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — -Әуежай басшылығы арнайы техникаларды жоғары бағамен сатып алуды жоспарлаған. Бұл жағдай заңға томпақ келіп отыр. Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Павлодар қаласындағы әуежай арнайы техниканы негізсіз сатып алуға тырысқан.
«Ұйым жалпы сомасы 64 478 000 теңгеге (бірлігіне 32 239 200 теңге) 2 жүк көлігін сатып алуды жоспарлаған. Сондай-ақ, 46 455 000 теңгеге ассенизаторды және 31 млн теңгеге самосвалды сатып алғысы келген. Аталған арнайы техникалардың нарықтағы құны әлдеқайда төмен, мысалы ассенизатор 21 млн теңге тұрса, ал самосвалдың орташа бағасы - 25 млн теңге. Антикор еріктілерінің араласуынан кейін сатып алу тоқтатылды, шамамен 142 млн теңгеге бюджеттің тиімсіз пайдаланылуына жол берілмеді», деп мәлімдеді антикор қызметінен.
Еріктілер мемлекеттік органдардың басшыларын мемлекеттік сатып алу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауға және бағаны көтеру фактілеріне жол бермеуге шақырып отыр. Өйткені мұндай мониторингтер үздіксіз жүргізіледі.