Павлодар әуежайын жаңарту жұмыстары тамыз айына дейін ұзартылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазіргі уақытта жұмыстардың жалпы орындалу деңгейі — 75%. Жобаны аяқтау 10 тамызға белгіленіп отыр.

Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Облыс орталығындағы ұшу-қону жолағын реконструкциялау жұмыстары тамыз айының алғашқы онкүндігінде аяқталады. Нысан сертификаттаудан өтіп, пайдалануға берілгеннен кейін облыс орталығынан ұшулар қайта жанданады деп күтілуде. 

— Бүгінгі таңда жұмыстардың 75%-ы аяқталды. Ұшу-қону жолағы кеңейтіліп, асфальт-бетон төселіп, жарық сигналдық жабдықтар орнатылып жатыр. Құрылыс-монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстарын 10 тамызға дейін аяқтау, одан әрі сертификаттау жүргізу, нысанды пайдалануға беру және әуе рейстерін қайта бастау жоспарланған, — дейді Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы басшысының орынбасары Фархат Оспанов.

Бұған дейін Павлодар облысы әкімдігі әуежайдағы жаңарту жұмыстары шілде айында аяқталып, тамызда іске қосылады деп уәде еткен еді

Алайда іс жүзінде әуежайды іске қосу әлі де біраз уақытқа созылатынға ұқсайды.

Әуежайды реконструкциялауға мемлекетке қайтарылған активтерден 9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.  Жаңарту жұмыстары нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті 300 жолаушыға дейін артады деп күтіліп отыр.