Павлодар қаласындағы әуежайды жаңарту жұмыстары бел ортадан асты. Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағы мен бұрылу алаңында деформациялық жіктерді орнату және асфальт-бетон жабынын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Нысандағы жұмыстардың 60%-дан астамы орындалды. Әуе рейстерінің уақытша тоқтатылуына байланысты тұрғындарға қолайсыз болып отырғанын түсінеміз. Дейтұрғанмен бұл жоба — қауіпсіздікке, заманауи инфрақұрылымға және өңірдің болашағына салынған инвестиция. Әуежайдағы жұмыстар белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқталуы тиіс. Құрылыс жұмыстарын шілде айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр, — деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінен.
Өңір басшылығы жұмыс кестесінің сақталуын бақылауды күшейтуді және әуеайлақты сертификаттаудың барлық кезеңінен сапалы өтуді қамтамасыз етуді назарда ұстап отырмыз деп сендірді.
Іске қосу-баптау жұмыстары мен сертификаттау рәсімдері жүргізілгеннен кейін әуежайды пайдалануға беру жоспарланған.
Бұған дейін Павлодарда жаңартылып жатқан әуежай қашан ашылатынын жазған болатынбыз.