Павлодар аймағында жоғары патогенді құс тұмауы таралуы мүмкін – ветеринар маман
ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Қазіргі уақытта жеке аулаларда өлген құстардың жалпы саны – 1713 дана. Індет 5 ауданға тарап үлгерген.
Ертіс-Баян өңірінде тараған құс індеті жоғары патогенді құс тұмауы болуы ықтимал.
- Өліп жатқан құстардағы ауру белгілеріне қарап жоғары патогенді құс тұмауы болар деп шамалап отырмыз. Бірақ бұл нақты диагноз емес. Ветеринария бойынша референдтік орталықтан мамандар келіп, құстардың сынамаларын зерттеуге алып кеткен. Оның нәтижесі келесі апта шығып қалуы керек. Нендей індет екені содан соң белгілі болады, - деп хабарлады өңірлік ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ғалым Бейсенов.
Қазіргі уақытта өлген үй құстарының саны 1713-ке жеткен. Таралу аумағы 5 ауданды қамтып, 7 елді мекенде үй құстарының қырылуы тіркелді. Құстардың ең көп өлуі Тереңкөл ауданында (3 ауылдың 15 ауласында) – 863 дана.
Мамандар жоғары патогенді құс тұмауы анықталса, жеті ауылға карантин салынып, барлық үй құстары жойылатынын жеткізді. Құс ұстайтын орындарға дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіліп, жұқпалы аурудың өзге жерлерге таралып кетуінің алды алынады. Ал карантинге жатқызылған аулаларға кейін мемлекеттен өтемақы төленуі керек. Сондықтан жеке меншігінде құс бар азаматтар құс ұстау шарттары туралы ветеринария мамандарының ұсыныстарын қатаң сақтауға міндетті. Үй құстарының жабайы құстармен, әсіресе суда жүзетін құстармен байланыста болмауын қадағалау шарт.
Бұған дейін Павлодар өңірінде белгісіз індеттен 1,5 мыңға жуық үй құсы қырылып қалғаны туралы жазғанбыз.