Павлодар балабақшаларында ваучерлік жүйе енгізіле бастады

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қазір облыс орталығында 83 балабақша бар. Оның 73-і – мемлекеттік мекеме.

8 мамырдан бастап Павлодар қаласының балабақшалары кезең-кезеңімен ваучерлік жүйеге көше бастайды. Ваучерлік жүйе – ата-аналарға мемлекеттен бөлінетін қаржылай қолдауды тікелей тағайындап, оны өздері қалаған балабақшада пайдалануға мүмкіндік беретін тетік. Яғни, мемлекет баланың бір жылдық тәрбиесіне белгілі бір сома бөледі, ал ата-ана осы соманы өз қалауындағы балабақшаға «ваучер» ретінде бағыттайды. Бұл жүйе балабақша арасындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартады.

- Ата-аналар ай сайын «жеке кабинеттерінде» баланың балабақшаға қатысуын растап, электрондық табельдерді бекітіп отыруға міндетті. Бұл – ваучерлік қаржыландырудың осы жүйедегі есеп берудің негізгі бөлігі, - дейді қалалық білім беру бөлімі мектепке дейінгі білім беру секторының бас маманы Дыбыс Андерова.

Ваучер тек білім беру қызметтерін қаржыландыруға арналған, тамақтану шығындарын ата-аналар өздері төлейді. Бұрын мектепке дейінгі мекемелерде INDIGO жүйесі қолданылған. Енді мұның жұмысы кезек туралы деректерді түрлендіру және ваучерлік жүйеге көшу мақсатында толық тоқтатылады. Яғни кезек қайта құрылады. Кезектің түрлері мен санаттары өзгереді.

Қазір 83 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жаңа жұмыс үлгісіне көшіп жатыр.

Еске сала кетейік, алты жылда еліміздің балабақшаларына кезек 5 есе азайған.