Ауыл шаруашылығы басқармасының дерегіне сүйенсек, облыс бойынша суармалы егістік жерлердің көлемі — 191,2 мың гектар. Оның ішінде 165,7 мың гектары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген. Ал су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 85,1 мың гектарға жеткен.
— Біздер фермерлердің суармалы егіншілікке көшуге деген ұмтылыстары қуантады. Аймағымыздағы Ертіс өзені, Қаныш Сәтбаев атындағы канал және жерасты сулары егін шаруашылығы қажеттіліктері үшін сумен жабдықтаудың негізгі көздері саналады. Суарылатын жерлердің көбеюіне орай суды тұтыну көлемі де өсіп келе жатқанын байқаймыз. Мысал үшін 2022 жылы фермерлеріміз 68,8 млн текше метр су пайдаланса, 2023 жылы ол бірден 6 млн текше метрге жуық ұлғайып, 74,7 млн текше метр болғаны байқалды. Ал былтыр 76,6 млн текше метрге жеткен. Биылғы көрсеткіш одан да көп болатыны айдан анық, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Хамза Оразбеков.
Су беру қызметтерінің тарифтері де әртүрлі. Мамандардың айтуынша, тарифтер жер шалғайлығы мен су жеткізу, көтеру ерекшеліктеріне сәйкес белгіленеді.
«Адис» ЖШС 1 текше метр су үшін 16,85 теңге алса, «Қазсушар» РМК «Қаныш Сәтбаев атындағы канал» филиалы 59,82 теңге деп бекіткен. Ал «Қазсушар» РМК Павлодар филиалы әр текше метрін 27,13 теңгеден босатады. Бұл тарифтер сырт көзге қымбат болып көрінгенімен, мемлекеттік қолдаудың арқасында 85 пайызға дейін субсидияланатынын ескеруіміз керек.
Былтыр бұл бағытқа мемлекеттен 761 млн теңге бөлінсе, биыл 317 млн теңге қарастырылған. Субсидиялау тетіктерін облыста шамамен 113 ауыл шаруашылығы субъектісі пайдаланып отыр.
Бұған дейін әлемде баламасы жоқ су нысаны — Сәтбаев каналының елорда үшін маңызы туралы жазған едік.