Павлодар қалалық ауруханасында соңғы ковид бөлімі жабылды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қалалық ауруханасында соңғы ковид бөлімі жабылды. Бұл бөлім екі жылға жуық жұмыс істеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыс орталығындағы №3 аурухана әдеттегі жұмысына қайта оралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, емдеу мекемесінде 337 төсек-орын бар.
- Ауруханадағы ковид бөлімі 2020 жылдың 14 сәуірінен бастап жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде мұнда COVID-19 жұқтырған 7 758 науқас емделді. 3 876 науқастың жағдайы ауыр болды. 103 адам көз жұмды, - деді басқармада.

Жоспарлы емдеу үшін №3 қалалық аурухананың эндокринология, неврология, сондай-ақ нейро және КВИ-ден кейінгі оңалту бөлімдері пациенттерді қабылдауды бастады.
Бұған дейін №1 қалалық аурухана, Сұлтанов атындағы облыстық аурухана және облыстық кардио орталық пандемияға дейінгідей көлемде жоспарлы емдеу шараларын жүргізу мақсатында пациенттерді мекемеге жатқызуға көшкені хабарланған болатын.
COVID-19 жұқтырған науқастар Павлодар қаласындағы модульдік ауруханаға, Екібастұз қалалық ауруханасына қабылдануда.
Еске салайық, өткен тәулікте облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың жаңа жағдайы тіркелген жоқ. Жалпы, пандемия кезінде облыстың 78 017 тұрғынында коронавирус анықталды.