Павлодарда 12600 доллар көлеміндегі жалған ақшаны саудалаған адам сотталды

Фото: Фото: видеодан алынған кадр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласында жалған ақша саудалаған азамат сотталды. Ол валюта айырбастаумен айналысатын азаматқа 12600 АҚШ доллары көлеміндегі жалған ақшаны сатып жіберген. Сот тұрғынды 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

«Азамат қаланың айырбастау пункттерінде жалған купюраларды сатуға тырысқан. Бірақ кассир банкноттарды қабылдаудан бас тартқаннан кейін валюта айырбастаумен айналысқан әлдебір адамға 12600 АҚШ доллары көлемінде жалған ақша сатқан», - деп хабарлады Павлодар облысы бойынша экономикалык тергеп-тексеру департаментінен.

Аталған факті бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті тергеу жүргізген.

Сот Павлодар тұрғынын кінәлі деп танып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды сақтық танытып, қолма-қол ақшаны мұқият санауға шақырады.