Отырысқа сондай-ақ мемлекеттік органдардың басшылары, коммуналдық сала қызметкерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қала әкімі Қайрат Нүкеновтің айтуынша, биылғы жылы 36 көшеге асфальт төселетін болады. Бұл жұмыстарға 1,2 миллиард теңге қарастырылды. Сонымен қатар, Амангелді және Димитров көшелерін кеңейту жоспарланып отыр. Амангелді көшесі 1 Май көшесінен Назарбаев даңғылына дейін, Димитров көшесі Қамзин көшесінен Павлов көшесі аралығында кеңейетін болады. Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Павлодарда ақынның есімі берілген көшені абаттандыру жоспарланып отыр.
«Бұл жұмыс үшін сіз жеке жауап бересіз. Көшені ғана көріктендіріп қоймай, мұнда орналасқан үйлердің сыртқы келбетіне де мән беру керек. Ол үшін әр үй иесімен жеке сөйлесіп, осы мәселені талқылау қажет. Тұрғындар өз үйлерінің қақпасы, қоршауы, шатырларын жөндеулері қажет. Бір айдың ішінде Абай көшесін көріктендіру жұмыстары бойынша нақты концепция құрылуы қажет», - деді қала әкіміне аймақ басшысы Болат Бақауов.
Сонымен бірге, Павлодар облысының әкімі қаланы жарықтандыру мәселесін шешуді жүктеді. Ол осы мақсаттарға қажетті қаражатты тауып беруге уәде берді. Алдын ала есептулер бойынша қала көшелеріне жарық шамдарын орнатуға бір миллиардтан астам қаржы керек.
«Өкінішке қарай, облыс орталығын абаттандыру тек бюджет пен демеушілер қаржысының есебінен жүргізіліп отыр. Кәсіпкерлер бұл жұмыстарға мүлдем қатыспайды. Әр бизнесмен өз кәсібін ашқан аумақта, мейлі ол, жанар-жағармай станциясы, дүкен немесе жеке ауласы болса да, ол жерді көріктендіруге ат салысуы керек. Осы мәселе бойынша әр кәсіпкермен жеке сөйлесу қажет», - деді Болат Бақауов.
Облыс әкімі теміржол бекеті мен вокзал маңындағы алаңның жағдайына назар аударды. Оның атап өтуінше, «қала қақпасын» тиісті қалыпқа келтіру қажет.
«Облыс орталығын көріктендіру жұмыстары туралы жиналыстарды ай сайын өткізіп тұрамын. Павлодар – біздің ортақ үйіміз, оны көріктендіру жұмыстарына билік те, қоғам өкілдері де, кәсіпкерлер мен тұрғындар да бірдей ат салысулары қажет», - деді ол.