Павлодар қаласының аумағы 10 мың гектарға дейін кеңейеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бас жоспарға енгізілген түзетуге сәйкес 2032 жылы Павлодар қаласының аумағы 2032 жылы 10 мың гектарға дейін кеңейеді.

Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың VIII сессиясында белгілі болды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

 Бүгін депутаттармен мақұлданған облыс орталығының бас жоспарында қаланың 2032 жылға дейінгі дамуы қарастырылған. Бұл құжатта даму кезеңінің негізгі өлшемдері, халық саны, тұрғын үйі құрылысының көлемі, көлік кешені мен инженерлік инфрақұрылым дамуының негізгі бағыттары, көріктендіру мен көгалдандыру белгіленген. Қазіргі таңда қалада 356,2 мың адам тұрады. 2020 жылдың соңында халық саны 384 мыңға, ал, 2032 жылы 412 мыңға жетеді деп күтілуде. Қаланың тұрғын үй қоры 9,6 млн шаршы метрге дейін жетіп, жеке тұрғын үй құрылысының үлесі жаңа құрылыс көлемінің 45 пайызын құрамақ. Бірінші кезекте «Достық» және Алюминстрой шағынаудандарын қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын аяқтау қарастырылған. - Жеке тұрғын үй құрылысын сүру есебінен қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу көпқабатты тұрғын үй құрылысын дамытудың негізгі жолы болып саналады. Жаңа құрылыс көлемі 2032 жылға дейін шамамен екі млн шаршы метрді құрайды. Қаланың Павлодарское, Мойылды, Жетекші, Байдалы, Кенжекөл ауылдық аймақтары мен Темір жол және Ленин кенттерінде жеке құрылыс жүргізу жоспарланған, - деді архитектура және қала  құрылысы басқармасы басшысының м. а. Шыңғыс Нұрамағанбетов.

Бас жоспарда көлік және көше мен жолдар желісінің бірыңғай жүйесі қарастырылған. Павлодардың айналасындағы магистральдарға жаңа автожол салу көзделіп отыр. 1 Мамыр көшесінде толық қайта құру жұмыстары нәтижесінде Ак. Сәтбаев және Кутузов көшелерінде ауаның ластануы төмендейді. Бір бағыттағы 1 Мамыр жолы қос тораптық жолға айналады. Павлодардың бас жоспарын депутаттар мақұлдап, бұл құжат Ұлттық экономика министрлігіне кешенді сараптама жасауға тапсырылады. Бас жоспар 10-15 жылға дайындалады.  Қазіргі бас жоспар 2005 жылы әзірленген және қаланың дамуы 2015 жылға дейін қарастырылған.