Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов блокпосттарға барып, олардың жұмысқа дайындығын бағалады.
Аймақ әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өңірде барлығы 9 бақылау-өткізу бекеті қойылды: бесеуі Павлодар қаласында және екі-екіден Ақсу мен Екібастұз қалаларында. Барлық аудандарда мобильді бекеттер қызмет етеді. Сол арқылы ішкі көші-қонды азайту жоспарда бар.
«Өңір басшысы облыс орталығына кіреберістегі Ленин кенті мен Павлодарское ауылы маңыңдағы бақылау-өткізу бекеттерінде болды. Бұл жерде өтетін әр көлік тексеріледі. Әкім бекеттердің техникалық жабдықталуы мен қызметке дайындығын қадағалады. Полиция қызметкерлері «жасыл жол» бойынша өтетін кәсіпорындар мен көлік тізімін тікелей қарау мүмкіндігі бар планшеттермен жабдықталған», - делінген әкімдік ақпаратында.
Әбілқайыр Сқақов көліктерді өткізу жұмысы барынша тез әрі тиімді болуын талап етті. Сонымен қатар, ол барлық блокпосттардың жұмысын үйлестіруді тапсырды. Бұл барлық көлік қозғалысын бақылау үшін керек.
Айта кетсек, аймақта https://pvlinfo.kz/ сайты іске қосылды, онда жұмыскерлер тізімі бар өтініштер және жұмыс орнынан берілетін анықтаманың электрондық үлгісі орналастырылған. Бұл ақпарат карантин кезінде жүріп-тұруға рұқсат беру үшін мемлекеттік органдарға жіберіледі.