Павлодар картобы бес мемлекетке экспортталып жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Ертіс-Баян өңірінің көкөніс өсірушілері биыл бір миллион тоннадан астам картоп жинады. Бұл – елімізде жиналған өнімнің үштен бірі. Жыл басынан бері фермерлер шет мемлекеттерге 98,8 мың тонна өнім жөнелтіп үлгерген.

Фото: ҚР АШМ

Павлодар облысының фермерлері жиын-терінді жоға­ры нәтижемен аяқтап жатыр. Биыл тағы да рекордтық көлемдегі картоп қамбаларға құйылды. Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, жалпы жиналған өнім көлемі 1 млн тоннадан асқан. Осыншама картоп 30,7 мың гектар алқаптан алынып отыр. Өнімнің едәуір бөлігі ішкі нарыққа бағытталып, қалғаны еліміздің өзге аймақтары мен шетелге жөнелтіліп жатыр. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттерінде павлодарлық өнімге сұраныс жоғары.

Негізгі экспорттық бағыт – Өзбекстан

Павлодар облысының картобы негізінен Өзбекстан республикасына экспортталады. Сонымен қатар Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан нарықтарына да жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, жыл басынан облыстан шетелге 98,8 мың тонна картоп экспортталса, оның 92,1 мың тоннасы Өзбекстанға жөнелтілген. Бұл көрсеткіш павлодарлық картоптың сыртқы нарықтағы негізгі тұтынушысы Өзбекстан екенін аңғартса керек Географиялық жақындық пен қалыптасқан сауда байланыстары да өнімді өткізу бағыттарының тұрақтылығына ықпал ететіні анық.

Мамандар тұқымдық картоп та шетелдік нарықтарға шығарылып жатқанан айтады. Жыл басынан бері оның 1,76 мың тоннасы Өзбекстанға, 200 тоннасы Қырғызстанға, 400 тоннасы Тәжікстанға, 2,09 мың тоннасы Түрікменстанға және 3,94 мың тоннасы Ресейге бағытталған. Осылайша, Павлодар облысы тек азық-түлікке арналған картопты ғана емес, тұқымдық өнімді де шетелге экспорттаушылар қатарына енді. Бұл өңірдің картоп шаруашылығы сыртқы саудада бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтінін көрсетеді.

Ішкі қажеттіліктен әлдеқайда жоғары

Жергілікті жерде картоп өсірумен 161 шаруашылық маманданғаны байқалады. Егіс алқабының 27 мың гектары ұйымдастырылған шаруашылықтарға тиесілі болса, қалған 3,7 мың гектар жер жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі. Деректерге сүйенсек, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 891 мың тонна, жеке қосалқы шаруашылықтар 118,6 мың тонна картоп жинаған. Тазартудан кейін жалпы өнім көлемі 908 мың тоннаны құрап отыр. Бұл - өткен жылмен салыстырғанда 193 мың тоннаға артық.

Басқарма мәліметінше, облыс халқының картоп түйнегіне деген жылдық қажеттілігі – 75 мың тонна. Яғни биыл жиналған өнім бұл сұраныстан 12 есе асып түскен. Соған орай өнімнің едәуір бөлігі облыстан тыс жерлерге де жөнелтіліп жатыр. Егін жинау кезеңінде облыстың ішкі нарығына 20 мың тонна картоп бағытталса, еліміздің өзге өңірлеріне 338,9 мың тонна өнім өткізілген. Ал 528,3 мың тонна картоп көкөніс қоймаларына салынып қойылды.

Картоптың көтерме бағасы қандай?

Қазіргі уақытта облыста картоптың көтерме өткізу бағасы тоннасына 120–140 мың теңге аралығында. Нақты баға өнімнің сорты мен көлеміне (калибріне) қарай өзгеріп отырады. Мамандар өнімді өткізуге қатысты фермерлерде ешқандай қиындық жоқ екенін айтады. Көкөніс өсірушілердің дені картопты бірден сыртқа сатып жіберуге дағдыланған. Өзіндік құны арзан картопты сырттан таласа-тармаса алатындар баршылық. Әсіресе, еліміздің сауда нарығында кең танылған ірі сауда желілерінің сұранысы жыл бойына үзілмейді. Екінші жағынан алғанда өңірде картопты қайта өңдеу кәсіпорындары өте аз. Қазір облыста бірнеше ірі жоба жүзеге асып жатқанымен, болашақта олар барлық артылып қалатын өнімді қайта өңдеуге қауқарсыз.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі картоп экспортына шектеу қоюға еш негіз жоқ екенін хабарлаған.