Павлодар: Құтқарушылар Ақсуда жолда қалған шетелдіктерге көмектесті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Ақсуда құтқарушылар Ресейдің Чита қаласынан Өзбекстанның Қашқадария облысынан шығып, орта жолда көліктері бұзылған төрт жолаушыға көмектесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«19 желтоқсан күні сағат 17:58-де республикалық дәрежедегі Қызылорда-Павлодар тас жолының 1383-ші шақырымында Ақсу маңында техникалық ақау салдарынан Ресей Федерациясының Чита қаласы – Өзбекстан Республикасының Қашқадарария облысы бағытымен келе жатқан «Chevrolet Lacetti» маркалы жеңіл автокөлігі жүрмей қалған. Көлікте төрт жолаушы болған. Олардың барлығы – Өзбекстан азаматтары», - деп хабарлады Павлодар облысының ТЖ департаментінің баспасөз қызметі журналистерге.

Құтқарушылар жолаушыларды Қалқаман ауылының мектеп ғимаратында орналасқан жылыту пунктіне апарды. ТЖД олардың ыстық шай ішіп, демалғандарын атап өтті.

«Қалқаман ауылының жолдағы медициналық-құтқару пунктінің дәрігері жолаушыларды тексеріп, кейбіреуінің өтініші бойынша қысымын өлшеді. Жалпы, жолаушылар мен жүргізушілердің ешқайсысына медициналық көмек қажет емес», - деп нақтылады аймақтық департаментте.

Оқиға орнына Ақсу қаласының ТЖ бөлімінің қызметкерлері келді.