Павлодар мұнай-химия зауытында өндіріс азайды ма
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар мұнай-химия зауыты жыл басынан бері 3 млн тоннаға жуық дайын мұнай өнімдерін тиеген. Өнеркәсіп жоспарлы көрсеткіштен ауытқымаған.
Биыл жазда павлодарлық мұнай өңдеу зауыты жоспарлы жөндеуге ұзақ уақыт тұруып қалуы себепті күзде автокөлік бензині мен дизель отынының өндірісі азаюы мүмкін деген әңгіме тараған.
Бұл жағдай онсыз да бағасы күннен күнге қымбаттап келе жатқан бензиннің көлемін азайтып, отандық нарықта дүрбелең тудырып жібере ме деген күдік болды. Kazinform тілшісі мәселені анықтап көрді.
«ПМХЗ» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Сергей Петруктың айтуынша, жылдың алғашқы 8 айында кәсіпорын 1044,4 мың тонна автобензин, 1281,2 мың тонна дизель отынын. 136,8 мың тонна авиаотын, 255,5 мың тонна мұнай битумын, 249,6 мың тонна көлемінде жағатын мазут өндірген.
— Энергетика министрлігі 2025 жылға бекіткен өндірістік жоспарға сәйкес, «ПМХЗ» ЖШС 5,5 млн тонна мұнайды өңдеп, 1581,9 мың тонна автобензинді, 1844,5 мың тонна дизель отынын, 200,0 мың тонна авиаотынды, 366,0 мың тонна мұнай битумын, 455,7 мың тонна жағатын мазутты шығаруы тиіс. Бізде сұйылтылған газ да шығарылады, жыл басынан 182,4 мың тоннасы өндірілді. Өндірістік технологияларымызда кідіріс жоқ, — дейді зауыт басшысы.
Ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылы кәсіпорын нарыққа 4 млн 799 мың тонна дайын мұнай өнімдерін жөнелтті.
Мұнай өнімдерінің 95 пайызы Қазақстанда қалса, өзгесі Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай елдеріне экспортталған.
Зауыт сыртқы елдерге негізінен мұнай коксы мен техникалық күкірт және жағылатын мазутты экспорттайды.
Ал былтыр кәсіпорын тұңғыш рет рекордық көлемдегі 5,5 млн тонна мұнайды өңдеп, зауыттан 1 млн 607 мың тонна автобензин, 1 млн 849 мың тонна дизель отынын, 236 мың тонна әуе көлігі отынын, 321 мың тонна сұйылтылған газ шығарған.
Ұшақ отыны бойынша өндіріс 16, 5% — ға, бензин 3,5%, сұйылтылған газ өндірісі 3,5%-ға көбейе түскен.
Еске сала кетейік, Қазақстан алғаш рет жылына 100 млн тонна мұнай өндіру деңгейіне шықпақ.