Түркістан облысында ана өлімі екі есеге өскен
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Өңірде қатерлі ісіктен 600-ден астам адам қайтыс болған.
Түркістан облысында 2023 жылы екі ана өлімі тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4-ке көбейген. Ал, нәрестелер өлімінің деңгейі 404-тен 364-ке төмендеп отыр.
Жалпы өңірде қатерлі ісіктерден болатын өлім көрсеткіші 742-ден 669-ға, қан айналым ауруларынан болатын өлім-жітім 2042-ден 1958-ге, туберкулезден болатын өлім-жітім 8-ден 5-ке азайған.
Өңір тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамту бойынша өткен жылы 15,9 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 549 түрін сатып алуға өтінім берілген. Ал, облыстағы медициналық мекемелердің техникамен жарақтандырылуы 85,22 пайызды құрады.
- Облыстағы 3 перинаталдық орталықтың әрқайсысында «Ұрықты қорғау орталықтары» жұмысы жолға қойылған. Орталықтарда «Бір күндік клиника» жобалары іске қосылды. Мұнда жүкті әйелдер бір күнде перинаталдық диагностиканың барлық түрлерінен өтіп, зерттеулердің жылдам әрі нақты нәтижелерін ала алады. Өткен жылы 23 861 кеңес берілсе, оның 23 153-ін жүкті әйелдер құрап отыр. Ал, 341-і туа біткен ақауы бар балалар болса, 367-сі қауіп-қатер тобындағы әйелдер, - деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшының орынбасары Бауыржан Сатыбалды.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістан облысында онкологиялық ауруға шалдығушылар көбейгенін жазған болатынбыз.