Павлодар-Нұр-Сұлтан тасжолында қар құрсауында қалған көліктер: Әкім кеңес өткізді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Павлодар – Нұр-Сұлтан тас жолындағы жағдай бойынша кеңес өткізді. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Өткен аптаның соңындағы қатты боранның салдарынан Павлодар облысындағы автомобиль жолдарында республикалық трассалардағы 9 учаскенің 8-ін, өңірлік маңызы бар жолдардағы 13 учаскенің 12-ін жабуға тура келді. 4 блокпостта 200-ден астам автокөлік қар құрсауында тұрып қалды. 150-ден астам жолаушысы болған 76 машина жүргізушілеріне көмек көрсетілді.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов осындай жағдайға әкеп соқтырған үш негізгі мәселені атап өтті: жолдардың белгілі бір бөліктерінде қар тоқтатудың ұйымдастырылмауы, жолдардың жабылуы туралы халықты уақтылы хабардар етпеу және жол қызметтерінде осындай жағдайларға қажетті ауыр техниканың болмауы.

«Бүгінде Павлодар – Нұр-Сұлтан тасжолы бойында елорда бағытында 14, ал кері бағытта тағы 9 көлік қалып отыр. Олардың жалпы ұзындығы 10 шақырымға жуық, - дейді «ҚазАвтоЖол ҰК»АҚ облыстық филиалының жетекшісі Ақылбек Қабылдин,- жолды екі күн ішінде ретке келтіруді жоспарлап отырмыз, алайда ертең тағы да боран болу ықтималдығы болжамдалып отыр. Егер ол кедергі келтірмесе, біз жол қозғалысын толық қамтамасыз етеміз.

Қар тоқтатуға келер болсақ, «ҚазАвтоЖол» компаниясының облыстық филиалында акционерлік қоғам тарапынан бұл мақсаттарға қажетті қаржыландырудың жоқтығын айтты.

«Ауа райының болжамы дер кезінде жеткізілгеніне қарамастан, барлық қызметтер дерлік жағдайды жете бағалай алмағаны салдарынан, бір тәулік бойы адамдар жолдарда қалды. Мұндай жағдайлар туындауына қатысты жергілікті органдарда ешқандай да жоспарлаудың жоқтығы көрініп тұр. Әкімдердің ауыр техниканы алдын ала дайындау туралы қамданбағандықтан, ірі кәсіпорындарымыздан шұғыл түрде көлік сұрауымызға тура келді. Аудандардағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің ауыр техникасы бар, жолдарды тазалауға соны тартуға болар еді», - деп қорытындылады аймақ басшысы.

Әбілқайыр Сқақов шаруашылық жүргізуші субъектілерден, ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарынан қолданыстағы барлық арнайы техниканы қосу схемасын әзірлеуді және ауа райы бұзылып, жолдардағы көрініс төмендеген жағдайда елді мекендерден шығатын жерлерді қадағалауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, әкім жүргізушілердің құтқарушыларға 112 нөмірі бойынша хабарласа алмағандықтарын хабарлаған шағымдарға назар аударды – бұл фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізілмек.