Павлодар облысы аграрлық салаға инвестиция тарту көлемі бойынша көшбасшы – әкім

Фото: Фото: mypavlodar

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысында 815 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30%-ға жоғары. Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов мәлім етті.

«Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша өңіріміздің негізгі макрокөрсеткіштері оң динамикаға ие. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгеге жетті, ал өңдеу секторы 8,2%-ға өсті. Біздің аймақ – еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп бойынша үздік үштікке кіреді, сондай-ақ шикізаттық емес экспорт көлемі бойынша 5-ші орында. Біз 815 млрд теңгеге жуық инвестиция тарттық, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30%-ға жоғары. Инвестицияның өсу қарқыны бойынша республикада біз 2 орында болсақ, аграрлық салаға инвестиция көлемі бойынша өңірлер арасында көшбасшымыз», - деді Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, өңірге инвестицияның 88 пайызы жеке компаниялар есебінен тартылған.

«Аймақта қолайлы инвестициялық орта қалыптасқан деп айтуға болады. Қазір 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашатын 2,8 трлн теңгеге 140 инвестициялық жобалар пулы бар», - дейді ол.

Осыған дейін Павлодар облысында рекордтық деңгейде астық жиналғанын хабарладық.