Павлодар облысы әкімінің уәдесі: 2026 жылы Ақсу қаласына ерекше назар аударылады

Фото: Есенбек Санатұлы

АСТАНА. KAZINFORM – Келер жылы Ақсуды абаттандыруға қомақты қаражат бөлінеді. Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов мәлім етті. 

– Қазір Павлодар қаласы мен Екібастұзды абаттандыру және көркейту жағынан жағдай жаман емес. Бірақ Ақсу қаласында бұл жұмыстар осы деңгейге жетпеген, яғни абаттандыру жағынан дұрыс көңіл бөлінбеді, - деді А. Байханов.

Осы орайда ол бұл қалада балалардың ойын алаңдары тапшы екенін мойындады. 

– Сондықтан 2026 жылы Ақсу қаласына ерекше назар аударылады деп уәде беремін, - деді облыс әкімі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақсу қаласының теміржол вокзалы жаңартылып жатқанын жазған едік. Мұнда перрон алаңын абаттандыру, платформаны жаңғырту, халықтың қозғалысы шектеулі топтары үшін вокзалды бейімдеу, бөлмелердің ішкі әрлеу жұмыстары қарастырылған. Өңірлік жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының дерегінше, барлық жұмыстар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен келісе отырып жүргізіліп жатыр.