Павлодар облысынан 32 мың адам көшіп кеткен: әкім кері көш себептерін атады

Фото: ОКҚ

АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірден халықтың көшіп кетуін азайту және басқа аймақтардан отандастарды көшіру үшін жергілікті билік қандай шаралар қабылдап жатқанын айтты. 

Әкімнің айтуынша, қазіргі көші-қон сандары халықтың келуінен көшіп кетуі көп екенін көрсетіп отыр.

— Иә, өңірден 32 мың адам көшіп кеткен және 24,5 мың адам көшіп келген. Шамамен 8 мың адамға нақты азайды деп айта аламыз, — деді Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Өңір басшысы бұл жағдайдың үш негізгі себебін атады. Оның айтуынша, бірінші себеп — Ресей Федерациясымен шекаралас орналасу. Себебі көрші елдің қалаларына өңір тұрғындарының едәуір бөлігі көшіп жатыр.

— Біз Ресей Федерациясымен шекаралас өңірміз, 5 өткізу бекетіміз бар. Жастардың, әсіресе басқа ұлт өкілдерінің көбі Новосібір, Омбы, Томбы, Кемерово қалаларында білім алады. Олардың 50-60 пайызы оқуын аяқтаған соң, сол жақта қалып, сонда тұрып жатыр, — деп түсіндірді әкім.

Екінші себеп — халықтың этникалық құрылымы.

— Облыс тұрғындарының бар болғаны 57 пайызы — этникалық қазақтар, 43 пайызы — басқа ұлт өкілдері. Біздің өңірде 90 түрлі этнос өкілдері тұрады, — деп атап өтті Павлодар облысының әкімі.

Оған қоса, бұл көрсеткішке өңірдегі туу деңгейінің төмендігі де әсер етіп отыр. Әкімнің айтуынша, мұндай жағдай Қазақстанның солтүстік өңірлеріне тән.

Соған қарамастан, Павлодар облысы басқа өңірлерден қоныс аударушыларды тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

— Біз оңтүстік өңірлерден, еңбек күші артық аймақтардан қоныс аударумен белсенді айналысатын өңірлердің көшбасшысы саналамыз. Қазіргі таңда 4500 бос жұмыс орны бар, соларға Қызылорда, Алматы, Түркістан және Жамбыл облыстарынан отандастарымызды тарттық. Аудан әкімдіктерінен құрылған арнайы топтар сол өңірлерге барып, азаматтарды өздеріндегі бос жұмыс орындарына шақырып, «көтерме ақы», тұрғын үй ұсынып, әлеуметтік сипаттағы өзге де мәселелерді шешіп келеді, — деді Асайын Байханов.

Әкімнің айтуынша, қабылданып жатқан осы шаралардың нәтижесінде өңірге басқа аймақтардан 5500 қазақстандық және 1500 қандас қоныстанған.

Еске сала кетсек, жыл басынан бері Павлодар облысында тұрғындардан 90 мыңнан астам өтініш түсті, оның 70%-дан астамы шешімін тапты.