Павлодар облысының медициналық ұйымдарында бүгінгі таңда 144 дәрігер тапшы. Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақтағы медициналық мекемелерде 1 887 дәрігер және 4 632 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда 25,4 (республикалық орташа көрсеткіш — 27,7), ал орта буын мамандары бойынша — 62,3 (республикада — 75,3).
— Маман жетіспеушілігі негізінен облыстағы үш қалада байқалып отыр. Павлодар қаласында 66 дәрігер, Екібастұзда 18 дәрігер, Ақсуда 17 дәрігер жетіспесе, аудандардағы тапшылық 43 маман, — деп хабарлады басқармадан.
Биылғы жаз айларында облыс орталығындағы кейбір емханаларда бейінді дәрігерлерге ұзын-сонар кезек қалыптасқан. Әсіресе, травмотолог дәрігерлердің жетіспеушілігі байқалып қалды. Мұның себебін өңірлік басқарма мамандары былай деп түсіндірді:
— Тұрғындар тарапынан жиі айтылатын дәрігер қабылдауына жазылу кезегінің ұзаруы бірнеше факторға байланысты. Ең әуелі жазғы спорт маусымында травматологиялық пункттер мен емханалардың бейінді мамандарына жүгінетін азаматтардың ағыны күрт артады. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінің № ҚР ДСМ-37 бұйрығына сәйкес, амбулаториялық мамандандырылған медициналық көмек Алғашқы медициналық-санитарлық көмек немесе бейінді мамандардың жолдамасы бойынша жоспарлы түрде көрсетіледі. Ережеге сай, жоспарлы қабылдауды күту мерзімі 60 күнтізбелік күнге дейін қалыптастырылуы мүмкін, бұл заңнамалық шекке қайшы келмейді
Басқарма өкілдері соңғы бес жылда кейбір аса тапшы мамандар бойынша қажеттілік төмендегенін атап өтті. Өңірде анестезиолог, гематолог, нейрохирург және фтизиатр мамандарының жетіспеушілігі азайған. Ал дәрігерлердің жекеменшік клиникаларға, басқа өңірлерге немесе шетелге ауысуы бойынша арнайы статистика жүргізілмейді. Бұған қоса, кадрлық толығу үдерісі де жүріп жатыр: 2025 жылы өңірдің медициналық ұйымдарына 256 дәрігер (Павлодарда — 161, Ақсуда — 27, Екібастұзда — 26, аудандарда — 42) жұмысқа орналасқан.
Облыста медицина кадрларының тапшылығын жою мақсатында жергілікті бюджет есебінен де, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде де қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Жергілікті бюджет есебінен ауылдық жерлерге келетін аса тапшы мамандықтағы дәрігерлерге 8,5 млн теңге (ең төменгі жалақының 100 еселенген мөлшері) төленеді. 2025 жылы бұл төлемді 34 дәрігер алса, биыл жылдың алғашқы жартысында 7 маманның құжаттары мақұлданған. Ал Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жұмысқа орналасқан дәрігерлерге 3,5 млн теңге беріледі.
Еске сала кетейік, елімізде еңбек күші тапшы өңірлерге көшкен 3,4 мыңнан астам адам біржолғы субсидия алды.