Павлодар облысында 15 бас жылқы ұрлады деген күдікпен бір топ адам ұсталды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысының Аққулы ауданында 15 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен бір топ ер адам ұсталды. Күдіктілердің бірі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Видеодан алынған кадр

Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген адамдар анықталған.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жылқылар иелерінің қарауынсыз жайылымда жүрген жерінен ұрланған.

— Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ күдіктілердің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, — деді Павлодар облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжанов.

Полиция төрт түлік иелеріне мал қауіпсіздігіне мұқият болуды ескертеді. Атап айтқанда, малды қараусыз қалдырмау, жайылымдарды тұрақты бақылау, жануарларды сәйкестендіру құралдарын пайдалану және мүмкіндік болса, мал ұсталатын орындарға бейнебақылау камераларын орнату ұсынылады.

Бұған дейін де Павлодар облысында мал ұрлығына күдікті топ ұсталғанын жазғанбыз.