Павлодар облысында 1,5 млн гектар жердің топырақ қабаты зерттеліп жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Мамандар соның арқасында жер бонитетін бағалауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ электрондық жер-кадастрлық карталар құрылады.
Павлодар облысының аумағында мемлекеттік тапсырма шеңберінде жерді ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Топырақты зерттеу 707 мың гектар аумақты қамтиды. Мұндай зерттеу Екібастұз қаласы аумағы мен Баянауыл ауданында жүргізіледі. 642 мың гектар аумақта ауыл шаруашылығы мақсатындағы топырақ бонитетін бағалау жүргізіледі. Бұл олардың өнімділігі мен әлеуетін анықтауға көмектеседі. Топырақ бонитеті Железин, Май, Баянауыл және Тереңкөл аудандарында, Екібастұз қаласында айқындалады, - деп хабарлады «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК.
Сонымен қатар 808 мың гектарда геоботаникалық зерттеу өтеді. Мамандар бұл жайылымдық өсімдіктердің құрамы мен жай-күйін зерттеуге, тозған және сапасы төмендеген жайылымдарды анықтауға мүмкіндік беретінін айтады. Зерттеудің мұндай түрімен Май, Баянауыл, Ақтоғай және Ертіс аудандары қамтылады.
Нәтижесінде 1,5 миллион гектардан астам жердің топырақ құрамы мен геоботаникалық ерекшелігі туралы жер-кадастрлық карталар құрылады. Зерттелген жерлер бойынша мәліметтер жерді ұтымды пайдалану және өңірдің ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін негіз болады.
Еске сала кетейік, ШҚО-да бос жатқан 64 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды.