Павлодар облысында 16 ауыл ішімдіктен бас тартты

Фото: Фото: Ақмола облысы әкімдігінен

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз қаласының ауылдық аймағында бірден 15 елді мекен алкогольдік ішімдіктерді сатудан әрі тұтынудан бас тартып отыр.

Ертіс-Баян өңірінде «Сау ауыл» бастамасына ауылдар үн қоса бастады. Мәселен Екібастұз қаласындағы полиция мен прокуратураның жобасын 15 ауылдық округтің әкімдері қолдаған.

— Екібастұздың Құлакөл, Қарасор, Құдайкөл, № 3 бөлімше, Төртүй, Тай, Көксиыр, Қаражар, Мыңтомар, Ақши, Алакөл, Зеленая Роща, Жақсат, Сарқамыс, Қуандық ауылдарында енді алкогольді ішімдік сатылмайды. Ауыл тұрғындары да оны тұтынудан бас тартып отыр. Бірнеше жыл бұрын Баянауыл ауданы Жаңатілек ауылының тұрғындары да ішімдіктен бас тартқан, — дейді Екібастұз қаласы жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Медет Бейсенов.

Мысал үшін Құлакөл елді мекенінде 500-ге жуық адам тұрады. Ауылда мектеп, балабақша бар, ал жергілікті тұрғындарға алкоголь сатылмайтын үш дүкен қызмет көрсетеді. Жергілікті жұртшылық бір-біріне құрметпен қарайды. Тұрғындардың күнкөріс көзі — мал шаруашылығы, барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Ақсақалдар өмірлік тәжірибелерін пайдалана отырып, ауылды абаттандыру бойынша белсенді жұмыс істейтін жастарға үлгі көрсетуде. Жастар ағаш отырғызып, сенбілікке шығады. Бос уақыттарында футбол ойнап, қыста мұз айдынын қолда құйып, хоккей шайбасын соғады.

Ауыл тұрғындары учаскелік полиция инспекторы, аға лейтенант Азат Хабдуллиновке тыныштық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге күш салғаны үшін дән риза. Тәртіп сақшысы бұл учаскеде бір жылдан астам еңбек етіп келеді.

— Ел азаматтарының алкогольден саналы түрде бас тартуы және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударуы ауылдың дамуына ықпал етеді. Жергілікті дүкен иелері мен тұрғындар саналы түрде салауатты өмір салтын таңдады. Көшеде мас адамдарды кездестіру мүмкін емес. Барлығы жұмыс істейді және тәртіпті өмір сүреді. Тұрғындардың алкогольден бас тартуы қылмыстардың болмауына, құқық бұзушылықтар мен отбасылық жанжалдардың алдын алуға ықпал етті. Жүйелі жұмыстың арқасында соңғы жылдары мұнда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ, — дейді Азат Хабдуллинов. Ал ауыл адамдары алкогольден бас тартудың арқасында өздерін қауіпсіз және жайлы сезінетінін айтып өтті.

Полиция мұндай ауылдардың саны әлі де өсе береді деген үмітте. Тәртіп сақшылары қылмыссыз қоғам құру бойынша жұмысты жалғастыру үстінде.