Павлодар облысында 166 дәрігер жетіспейді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында 166 дәрігер жетіспейді. Оның ішінде бейінді сала мамандарының тапшылығы - 131 адам. Әсіресе аудандарда акушер-гинеколог, реаниматолог, радиологтар өте аз.

Фото: pexels.com

«Тапшылық, әсіресе, аудандарда байқалады. Акушер-гинекологтар, реаниматологтар, радиологтар керек. Жалпы практика дәрігері, қоғамдық денсаулық сақтауға жауапты мамандар бойынша да жетіспеушілік бар», - дейді өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашев.

Басқарма бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне сүйенеді. Мысал үшін «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген жас мамандарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған.

Сондай-ақ, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерге жұмыс істеуге келген мамандарға жылдық 0,01% мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға тұрғын үй сатып алуға несие беріледі. Ауылдық жерлердегі медицина қызметкерлеріне 25% үстеме ақы төленеді, сондай-ақ қатты отынмен қамтамасыз етіледі. Ақсу және Екібастұз қалаларында, аудандарда ведомстволық тұрғын үй беріліп келеді.

Осындай қолдаулардың нәтижесінде биыл облысқа жаңадан 139 дәрігер келеді деп күтіліп отыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда аналардың үй жағдайында босануы белең алып барады.