Павлодар облысында 18 шақырымнан астам жол жаңартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында республикалық маңызы бар «Қызылорда — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолының учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысында республикалық маңызы бар «Қызылорда — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолының 1173–1178, 1367+260–1372+680, 1372+680–1379+150, 1381+950–1383 шақырым аралығындағы учаскелерінде орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
— Жөндеуден өткен учаскенің ұзындығы 18,4 шақырымды құрайды. Аталған жол учаскелері Iб және III техникалық санаттарға жатады. Жөндеу жұмыстары барысында суық ресайклинг технологиясы қолданылып, кейін 53 918 м2-де асфальтбетон қоспасынан жоғарғы қабат төселді, делінген компания хабарламасында.
Сонымен қатар, жол жамылғысы жонылып, 293 921 м² ауданда жаңа асфальтбетон қабаты төселді. Жөндеу жұмыстары жолды нормативтік күйде ұстап тұруға, сондай-ақ жол пайдаланушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту бойынша жоспарлы жұмыстарды жалғастырып келеді.
Бұған дейін Қарағанды облысында республикалық маңызы бар автожолдар жөнделіп, жол бойындағы сервистік нысандар жаңартылып жатқаны белгілі болды.