Павлодар облысында 2 мыңға жуық мал иесі жауапкершілікке тартылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінің полицейлері қараусыз жайылатын үй жануарлары жол-көлік апаттарына жиі себепші болатынын ескертіп отыр. Жайылым ережелерін сақтамаған мал иелеріне қомақты айыппұл салынады.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 408-бабына сүйенсек, жайылым ережелерін сақтамаған тұрғындарға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал бағусыз малдың кесірінен жеке тұлғалардың мүлкіне шығын келтірілсе, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі.

Мал иелері осындай жауапкершіліктің барын білсе де, көп жағдайда төрт түлігін қараусыз қоя береді.

«Қараусыз жайылған және жол бойында жүрген үй жануарлары біздің өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Жануарлар күндіз де, түнде де жолдарда кедергісіз жүреді. Мәселен полицияға Ребров ауылының жанындағы Русская Поляна-Атамекен автожолының жүріс бөлігінде жылқылардың иесіз жүргені, салдарынан апаттық жағдай туғызғаны туралы хабарлама келіп түсті. Полиция жылқыларжың иесін анықтап, жауапқа тартты. Мал айыппұл тұрағына айдалды», — деп хабарлады Павлодар облысының полиция департаменті.

Жыл басынан тәртіп сақшылары жайылым ережелерін сақтамаған 1924 тұрғынды жауапқа тартқан.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жыл басынан бері жол апатынан 2077 адам мерт болды.