ҚР Аң аулау қағидаларымен бекітілген мерзімдерге сәйкес, 30 тамыздан бастап Павлодар облысы аумағында жабайы жануарларға күзгі аңшылық маусымы ашылады.
Атап айтқанда:
- - қаз, үйрек, қасқалдаққа – 2025 жылғы 30 тамыздан 30 қарашаға дейін;
- - шілге – 2025 жылғы 6 қыркүйектен 30 қарашаға дейін;
- - құрға – 2025 жылғы 6 қыркүйектен 15 желтоқсанға дейін (аңшылық тұқымды иттермен және қыран құстармен аң аулау 15 тамыздан бастап) рұқсат етіледі.
Сондай-ақ аңшылар 1 қыркүйектен 15 қарашаға дейін борсыққа, інге кіргенге дейін суырларға, 6 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін қабанға мылтық кезей алады. Ал сібір еліктерінің аталықтарын аулауға қазірдің өзінде рұқсат бар. Тек ұрғашылары мен төлдерін 15 қыркүйек - 31 желтоқсан аралығында аулай аласыз.
Өңірлік орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, аймақ бойынша 36 аңшылық шаруашылықтың тек 31-інде күзгі-қысқы аңшылық маусымы ашылады. Жабық шаруашылықтар - Ақтоғай ауданындағы «Ертіс», «Жамбыл», Баянауылдағы «Майқайың», Аққулы ауданындағы «Аққу», Шарбақтыдағы «Шарбақты».
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары аң ату бағасын көтеру қажет екенін мәлімдеген.