Агроөнеркәсіптік кешендегі облыстық аумақтық инспекцияның басшысы Арман Шүйкеновтің айтуынша, биыл италиялық прусқа қарсы өңдеу жұмыстарымен шамамен 12,8 мың гектар алқап қамтылады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге аз. Яғни биыл зиянкестер санының табиғи биологиялық төмендеуі байқалып отыр.
— Мониторинг нәтижесінде 23,8 мың гектар алқапта шегіртке анықталды. Оның ішінде 6,2 мың гектары химиялық өңдеуге жататын жерлер қатарына жатқызылды. Бүгінгі таңда бұл жерлер толығымен өңделді. Ең ауқымды жұмыстар Баянауыл, Май және Аққулы аудандарында, сондай-ақ Ақсу қаласының ауылдық аймағында жүргізілді, — деп атап өтті ол.
Үйірлі емес шегіртке түрлеріне қарсы да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр Өңдеу жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен 36 мың гектардан сәл асатын алқапта жүргізілуде. Бүгінгі таңда 31 мың гектары өңделді. Ақтоғай, Павлодар және Успен аудандарында, сондай-ақ Павлодар және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында өңдеу жұмыстары толық аяқталған.
Еске сала кетейік, ғалымдар шегірткеге қарсы химикаттарға балама биопрепарат әзірледі.